Елімізде Hyundai Accent Седан мен Hyundai Creta өндірісі уақытша тоқтатылды, деп жазады inbusiness.kz "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
"Экспресс К" жолдаған сауалына "Астана Моторс" компаниясы жауап берді. Олар Алматыда Creta және Accent модельдерінің өндірісі уақытша тоқтатылғанын растады. Себебі ретінде Батыстың Ресейге қарсы санкцияларының жанама әсері айтылған.
"Наурыздан бастап Hyundai Trans Kazakhstan зауыты Санкт-Петербургтегі Hyundai зауытынан кейбір құрамдас бөліктерді жеткізуде қиындықтарға ұшырады. Компания Hyundai Motor Company компаниясымен басқа елдерден құрамдас бөліктерді жеткізуге шұғыл квота туралы келіссөздер жүргізді. Бүгінде Hyundai Accent пен Creta өндірісіне қажетті құрамдас бөліктерді одан әрі жеткізудің жаңа жолдары мәселесі қарастырылып жатыр", – деп жазылған компанияның хабарламасында.
Сонымен қатар "Астана Моторс" аталған екі модель иелерінде көліктерге қызмет көрсетумен байланысты ресми сервис-орталықтарда қиындық туындамайды деп сендірді. Hyundai Accent пен Creta шығын материалдары Hyundai сервистік орталықтарында бар екендігі, сирек сұранысқа ие бөлшектер мен қосалқы бөлшектер белгіленген мерзімде тапсырыс бойынша жеткізілетіндігі айтылған.
Айта кетейік, елдегі ең танымал Hyundai Accent көлігін ұсақ торапты құрастыру әдісімен, яғни шанақты дәнекерлеу және бояу арқылы жасайды.