Қазақстанда адвокаттар тергеу органдарына кіріптар - Ербол Рахымбеков

803

Қазақстанда адвокаттар тергеу органдарына кіріптар - Ербол Рахымбеков

ҚР Жоғарғы сотының судьясы Ербол Рахымбеков халықаралық сарапшылар жүргізген "Қазақстандағы күдіктілер неге сирек ақталады?" тақырыбындағы зерттеу нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Судья келтірген деректерге сәйкес, 2016 жылы 190 тұлға, 2017 жылдың алғашқы тоқсанында - 198 тұлға және 2018 жылы - 201 тұлға ақталған.

"Зерттеудің негізгі айтар ойы - ақтау үкімдері сот жүйесінің жұмыс сапасын көрсетпейді, бұл тұтас құқық қорғау органдары жүйесінің жұмысын көрсетеді. Мұнымен келіспеу мүмкін емес. Қоғамдық айыптау істері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғалардың 62% қатысты істер сотқа дейінгі кезеңде, 27% - сот алдында тоқтатылған. Негізінде бұл механизмнің позитивті гуманистік функциясы бар, бірақ халықтың құқықтық білім деңгейінің төмендігін пайдаланып, ақтамай қоятындар да бар", - деді Ербол Рахымбеков Жоғарғы сотта өткен дөңгелек үстелде.

Оның айтуынша, Қазақстандағы қылмыстық істердің сотқа жетпей тоқтатылатыны да сотталушылардың сирек ақталуының бір себебі болып отыр.

"ІІМ деректеріне сәйкес, 2017 жылы өндірісте 348 255 іс болған. Оның жартысынан астамы, яғни 187 мың іс Қылмыстық Кодекстің 35 және 36 баптары негізінде тоқтатылған. Сәйкесінше, аз ғана бөлігі сотқа түскен. Көптеген қылмыстық істердің сот өндірісі кезінде тоқтатылатынын ескеру керек. 2017 жылғы деректер бойынша, 20 713 тұлғаға қатысты қылмыстық істер түрлі негіздемелер бойынша сот талқылауы барысында тоқтатылған", - деді судья.

Сонымен бірге, ымыраға келу рәсімдері аясында 15 378 іс тоқтаған, оның ішінде медиация тәртібімен - 12 945 іске нүкте қойылған.

"Сирек ақталудың тағы бір себебі - адвокатураның әлсіздігі мен олардың тергеу органдарына кіріптарлығы. Адвокаттарға төленетін қаражат көлемі де нағыз кәсіби мамандардың жұмыс істеуіне деген ынта-ықыласты азайтады. Тиімді жұмыс істеу үшін адвокаттар тергеу органдарының ыңғайына жығылуға мәжбүр", - деп түсіндірді Рахымбеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу