Қазақстанда аграршылар үшін байланысты субсидиялау ұсынылды

Байланыс инфрақұрылымы үшін орындарды бас жоспарларға қосу жоспарланып отыр. 

Қазақстанда аграршылар үшін байланысты субсидиялау ұсынылды Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева әріптестеріне байланыс мәселелері бойынша заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Заң жобасы үш блоктан тұрады. Бұл – байланыс саласын дамыту, цифрландыруды ұлғайту және инновацияларды қолдау. Заң жобасында мынадай шаралар көзделген: радиожиілік спектрін қайта бөлу, бас жоспарларға байланыс инфрақұрылымы үшін орындарды қосу, байланыс қажеттіліктері үшін аумақтарды резервтеу, виртуалды байланыс операторларының құқықтық мәртебесін енгізу, байланыс желілері мен құрылыстарын орналастыру орындарына операторлардың тең қолжетімділігін заңнамалық бекіту және ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп объектілерінде байланыс қызметтерін субсидиялау", – деді ол.

Сонымен қатар, оның айтуынша, құжатта автомобиль жолдары бойында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің болуын талап ету, геостационарлық емес байланыс спутниктерінің жұмысын реттеу, жергілікті атқарушы органдарға байланыс инфрақұрылымын құру саласында қосымша құзыреттер беру, теңгерім ұстаушыны айқындау және кабельдік кәрізге техникалық аудитті енгізу, ұлттық заңнамада инновациялар үшін практикалық құқықтық режимдерді енгізу және салалық орталықтарды күшейту көзделген Сондай-ақ, ұлттық инновациялық жүйенің "бірыңғай терезесін" құру да қарастырылған.

"Заң жобасында салалық шешімдерді цифрландыру үшін құқықтық жағдайлар да енгізілуде. Мысалы, жаңа туған нәрестелерге ЖСН тағайындау және тағы басқалары. Заң жобасы қабылданған жағдайда, біріншіден, байланыс желілерінің құрылысы жеделдетіледі. Екіншіден, байланыс қызметтерінің сапасы жақсарып, қамту аймақтары кеңейеді. Сондай-ақ, абоненттер саны артады. Үшіншіден, байланыс операторлары арасында бәсекелестік дамитын болады. Төртіншіден, жаңа спутниктік байланыс жұмыс істей бастайды. Бесіншіден, инвестициялық ахуал жақсарып, экономикадағы инновациялардың үлесі артады" , – деп түйіндеді Смышляева.

Айта кетейік, Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық ахуалды арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу