Қазақстанда АИТВ-мен ауыратын 30 мыңнан астам адам бар

521

Олардың жартысынан астамы еңбекке қабілетті жаста. 

Қазақстанда АИТВ-мен ауыратын 30 мыңнан астам адам бар Фото: infozakon

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп жазады inbusiness.kz. 

"Қауіпті індетті жұқтырғандардың қатары Қазақстанда артып келеді. Яғни, соңғы 10 жылда 2 есеге жуық өскен. Былтыр инфекция жұқтырудың 4 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталды. Қазір елімізде осы инфекциямен ауыратын 30 мыңнан астам адам тұрады. Олардың жартысынан көбі – еңбекке қабілетті жастағы адамдар", - деді ол.

Үкімет басшысы вирустың алдын-алу шараларын түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды екенін атап өтті.

"Науқастарды халықаралық стандарттарға сәйкес сапалы емдеумен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар вирусты тасымалдаушылардың барлығы қатаң медициналық бақылауда болуы керек. Сондай-ақ, келесі мәселелерге назар аударғым келеді. Біріншіден, былтыр елімізде иммун тапшылығы вирусымен ауыратын науқастарға арналған әлеуметтік жобаларға  небәрі 7 үкіметтік емес ұйым тартылды. Бұл өте аз", - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Ол үкіметтік емес ұйымдарды тарту үшін әлеуметтік гранттар мен тапсырыстар санын кеңейту қажет екенін айтты.

"Екіншіден, аурудың белгілері және жұқтыру жолдары туралы адамдарға кеңінен ақпарат беру қажет. Соңғы уақытта мұндай жұмыс, өкінішке қарай нашарлап кетті. Адамдардың көпшілігі сақтық шараларына салғырт қарауда. Сонымен қатар қауіпті вируспен өмір сүретін адамдарға қоғамның көзқарасын жақсарту қажет. Бұдан басқа санитариялық-эпидемиологиялық қызметтер тарапынан халыққа медициналық қызметтерді, сол сияқты жұқтыру қаупі бар басқа да ем-шаралар көрсету кезінде инфекциялық қауіпсіздікке қатаң бақылау жасалуы қажет", - деді Үкімет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу