Қазақстан еуропалық дамыған елдерден орташа өмір сүру жасы бойынша 8,5 жылға қысқа өмір сүреді, яғни бізде көрсеткіш 72 жас, ал дамыған елдерде 80,2 жас. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова айтты, деп хабарлайды ortcom.kz.
Сондай-ақ елімізде әйелдермен салыстырғанда ерлердің орташа өмір сүру жас мөлшері 9 жасқа төмен, әйелдерде бұл көрсеткіш 76,5 жас болса, ерлерде 67,5 жас. Мұның басты себебі салауатты өмір салтының болмауынан туындайтын созылмалы инфекциялық емес ауырулар, оның ішінде қант диабеті, жоғарғы қан қысымы және 15-29 жас аралығындағы жастардың жол апаты, суицид салдарынан бақилық болуы себеп болып отыр дейді спикер.
ДДСҰ санағы бойынша Қазақстанда темекі мен ішімдіккке қарсы шаралар жүргізіліп жатса да, бұл көрсеткіш әлі күнге оң нәтиже көрсетпей отыр. Елімізде еркектердің 46% шылым шексе, әйелдерде бұл көрсеткіш - 5%. Алайда 14-18 жас аралығындағы, мектеп жасындағы жас қыздардың темекі шегу көрсеткіші күннен-күнге өсуде. Ішімдік бойынша Еуропа елдерімен бірдей көрсеткішті көрсетеді. Елімізде әйелдердің 70%, ерекетердің 30%-ы ішімдік ішпейді. Алайда біздегі ішімдіктердің Еуропа елдерімен салыстырғанда аса күшті ішімдік болуы себебінен денсаулыққа тигізер зияны да жоғары.
Сонымен қатар елімізде қант, тұз, трансмайларды қолдану жағынан жақсы көрсеткіш жоқ. ДДСҰ бекіткен күнделікті тұтынуға арналған тұз мөлшері 5 грамм болуы керек, алайда кейбір облыстарда тұз пайдаланудың орташа мөлшері 16 грамнан асады. Күніне пайдаланылатын қант мөлшері 25 грамнан аспауы керек. Өкінішке қарай елімізде бұл көрсеткіш ересектер арасында - 100 грамм, ал балалар арасында күніне 150-160 грамнан асып түсіп отыр. Санақ бойынша елімізде әрбір 5-ші бала артық салмақ жинаған болып есептеледі.