Қазақстанда әйелдердің жалақысы ерлердікінен 33 %-ға аз

2049

Қазақстанда әйелдердің жалақысы ерлердікінен 33 %-ға аз

2016 жылы Қазақстан дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдік рейтінгінде 144 елдің ішінде 51-орынды иемденді. Алғашқы орында — Исландия, ең соңғы боп тұрған — Йемен. Өткен жылы Қазақстан бұл тізімде 47-орында еді, 2014 жылы 43-орында тұрған. Бұл туралы 7kun.kz жазып отыр

Жуырда Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған жиында елдегі гендерлік теңдік стратегияларының орындалуы талқыланды. Осы сауал аясында зерттеу жүргізген сарапшылардың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері бәріне тең құқық пен мүмкіндік жасалған қоғам қалыптастыруда біраз жетістікке жеткен.

Мәселен, Қазақстанда бизнестегі әйелдердің үлесі  10 жыл бұрын 38 % еді, қазір бұл көрсеткіш 50%-ға көтерілген. Әйелдер шағын және орта бизнестің 42 %-ын басқарады және олар 30 %-дан астам жұмыс орнын ашқан. ЖІӨ-ге қосатын үлесі — 40 %. Сондай-ақ, жұмыссыздық көрсеткіші де 2006 жылғы 9,2 %-дық көрсеткіштен 2015 жылы 5,6 %-ға түскен.

Сонымен бірге, қоғамда жынысына қарай шектеулерді, зорлық-зомбылықтарды ескерту мен алдын алу бойынша біраз көрсеткіш оңалған. Мысалы, соңғы 10 жылда тұрмыстық қылмыстардың саны үш есеге дейін азайып,  1424-тен 467-ге түскен.

Дегенмен, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Раушан Сәрсембаеваның айтуынша, мұндай маңызды жетістіктерге қарамастан, Қазақстанда гендерлік тепе-теңдіктің кей тұстары әлі де жетілдендірілмеген.

Мысалы, басқарушылық қызметтегі әйелдердің үлесі әлі де төмен. Қазір 411 мемлекеттік қызметкердің 40-ы ғана — әйел. Бізде бір ғана әйел министр бар. Парламенттің төменгі палатасында әйелдер үлесі – 27 %, алайда сенаттағы әйелдердің үлесі өте төмен: 6 %-дан сәл-ақ асады. Қазақстанда 17 министрдің біреуі ғана (Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова) әйел. Мемлекеттік хатшы қызметінде Гүлшара Әбдіхалықова бар. Бір әйел премьер-министрдің орынбасары, екеуі – премьер-министр кеңсесі басшыларының орынбасарлары, алтауы – вице-министр, алты әйел – жауапты хатшы, ал тоғыз әйел – облыс әкімдерінің орынбасарлары. Тіпті еңбек нарығындағы ерлер мен әйелдердің жалақысындағы айырмашылық 33 %-ды құрайды. Әрі жұмыссыз әйелдердің  саны ерлердікінен көп. 2015 жылы әйелдер жұмыссыздығы 5,7 %-ға жетсе, ерлер арасында бұл шама 4,3 %-ды құрады.

Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі әлі де өзекті боп тұр: 2015 жылы мұндай оқиға бойынша 65 325 қылмыс фактісі тіркелген, ал бұл 2006 жылмен салыстырғанда 40 %-ға көп. Қазақстандағы әрбір үшінші әйел — психологиялық зорлыққа, әрбір жетінші — физикалық зорлыққа, әрбір тоғызыншы — экономикалық, ал әрбір оныншы — жыныстық зорлыққа ұшырайды.  

"Гендерлік теңдіктің біраз маңызды аспектілері әлі де орындалған жоқ. Соның бірі — еңбек нарығында. Онда қалыптасып қалған стереотиптер әлі де бар, тұрмыстық зорлық мәселесі де өршіп тұр", — дейді Раушан Сәрсембаев. Қазақстанда әйелдер мен ерлер теңдігін насихаттауды мақсат еткен 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы жұмыс істеді. Сондай-ақ, осы мақсатта "Ерлер мен әйелдерге берілетін тең құқық пен мүмкіндік беру жөніндегі мемлекет кепілдігі туралы", "Тұрмыстық зорлықтың алдын алу" заңдары да қабылданған болатын. Бірақ, маман пікірінше, Қазақстанда "ер адам жоғары әрі әйелдерге қарағанда ақылдырақ, физикалық жағынан шыдамдырақ, сәйкесінше, жоғары лауазымды қызметке солар лайық" деген түсінік әлі де бар.

Айта кетейік, статистика комитетінің ақпаратына сәйкес, әйелдер Қазақстан халқының – 52%-ын, жұмыспен қамтылған халықтың 48%-ын құрайды. Жалпы ішкі өнім қазынасына келетін қаражаттың 39%-ы әйелдер еншісінде. Нәзік жандылардың үлесі басым салалар ретінде денсаулық сақтау (75%), білім беру (74%), тамақ және күнкөріс қызметтері (73%), сауда (61%) және қаржы қызметтері (59%) көрсетіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу