ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырып жатқан "Әкімнің цифрлық жұмыс орны" жобасы бүгінде еліміздің 17 облысы мен 1894 ауылдық округінде енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба өңірлік басшыларды қағазбастылықтан арылтып, ауылдардағы әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы деректерді бір жүйеге жинақтауға бағытталған. Платформа 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйенің мәліметтерін біріктіріп, тұрғындардың табысы, жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік мәртебесі, денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылым салалары бойынша ақпаратты қамтиды.
Министрліктің мәліметінше, жүйе әкімдерге мемлекеттік қолдау шараларын нақты мұқтаж азаматтарға бағыттауға және әлеуметтік тәуекелдерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды алдын ала анықтап, қажетті көмекті проактивті түрде ұсынуға жағдай жасайды.
Жоба ауылдық әкімдіктердің әкімшілік жүктемесін азайтып, басқару шешімдерін нақты деректер негізінде қабылдауға ықпал етеді.
Алдағы уақытта платформаға жер ресурстары, салықтар, субсидиялар және шаруа қожалықтарының қызметіне қатысты мәліметтер де енгізілмек.