Қазақстанда әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі қайта қаралып жатыр

180

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстанда әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі қайта қаралып жатыр Фото: Үкімет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жиында мемлекеттік әлеуметтік көмектің шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көрсетілуіне, сондай-ақ кәсіпорындардың азаматтардың еңбек құқықтарын қатаң сақтауын қамтамасыз етуге және еңбек саласындағы тәуекелдердің алдын алуға бағытталған цифрлық шешімдерге назар аударылды.

"Мемлекет басшысы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жаппай цифрландыруды жүзеге асыру және жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді тапсырды. Бұл әлеуметтік-еңбек саласы үшін, әсіресе жүргізіліп жатқан реформа аясында ерекше маңызды. Біз қолдау шараларының ашық есебін жүргізіп, олардың нақты түпкілікті нәтижесін бағалауды қамтамасыз етуіміз керек. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басты міндеті", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пен вице-министр Бахтияр Жазықпаев негізгі цифрлық шешімдерді таныстырды.

"Отбасының цифрлық картасы" ақпараттық жүйесінде 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынған, 20 млн-нан астам азамат пен 6,2 млн үй шаруашылығына қатысты деректер біріктірілген. Бағалаудың объективтілігін арттыру мақсатында деректерді жергілікті атқарушы органдар азаматтардың нақты тұрмыс жағдайын ескере отырып тексереді.

Олжас Бектенов өңірлердегі жағдаймен танысты. Бұған дейін өңір басшыларына "Отбасының цифрлық картасы" арқылы анықталған мұқтаж азаматтарға проактивті қолдау көрсету жұмыстарын күшейту тапсырылған болатын. Мұның аясында олардың жұмыспен қамтылуы мен білім алуына, жеңілдетілген несие рәсімдеу және өз кәсібін ашуға жағдай жасалуы тиіс. Осылайша, ұсынылып отырған қолдау шаралары азаматтардың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға негіз қалауы тиіс. ҚР

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде 2025 жылы 480 355 мұқтаж отбасының өмір сүру жағдайы жақсарып, әл-ауқаты жоғары санатқа ауыстырылған. Ал 2026 жылдың басынан бері тағы 464 158 отбасы осы санатқа ауыстырылды.

Сонымен қатар әлеуметтік төлемдердің шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында оларды оңтайландыру жөніндегі реформаның жүзеге асырылу мәселелері қаралды. Әл-ауқаты жоғары азаматтарға қатысты әкімдіктермен бірлесіп, үй шаруашылықтары деректерін тексеру жұмыстары жүргізілді. Бұл санаттағы азаматтар үшін өзгерістер әлеуметтік жәрдемақылардың барлық 36 түрінің тек 14-іне қатысты болады.

Қалған 22 түрі бойынша қолданыстағы төлем тетіктері өзгеріссіз сақталады. Көмекке мұқтаж азаматтар үшін мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тәртібі толық көлемде сақталатыны атап өтілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу