Қазақстанда алғаш рет 1 млн гектар жер егіс алқаптарын әртараптандыруға бөлінді

173

Президент тапсырмасымен Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша ауқымды бағдарламаны іске асыруда.  

Қазақстанда алғаш рет 1 млн гектар жер егіс алқаптарын әртараптандыруға бөлінді Фото: baraev.kz

Бағдарлама ішкі және сыртқы нарықтарда жоғары сұранысқа ие, табысты дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға бағытталған, деп жазады inbusiness.kz сайты.  

Осы идеяны жүзеге асыру үшін елімізде 2 жылда бидай егіс көлемі 750 мың гектарға қысқартылып отыр.

2025 жылы бұршақ, майлы және мал азықтық дақылдардың егіс көлемі едәуір артады деп күтілуде. Атап айтқанда, майлы дақылдардың егіс көлемі 378 мың гектарға өсіп, 3,3 млн гектардан асады. Күнбағыс тұңғыш рет 1,4 млн гектарға дейін егіледі  бұл өткен жылмен салыстырғанда 121 мың гектарға артық. Сонымен қатар, зығыр егісі 181 мың гектарға, қыша 52 мың гектарға, рапс 28 мың гектарға ұлғаяды.

Мал азықтық дақылдардың егіс көлемі 127 мың гектарға арттырылып, мал шаруашылығының жем-шөп базасын нығайтуға, егіс айналымын жақсартуға және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.

Соңғы екі жылда бидай егіс көлемі 750 мың гектарға, оның ішінде 2025 жылы 187 мың гектарға қысқарды. Бұл ретте нарықтық жағдай мен әлеуметтік маңыздылығы ескеріліп, арпа егіс көлемі 158 мың гектарға, қарақұмық 41 мың гектарға ұлғаяды.

Өткен жылғы қант қызылшасының өнімділігіне байланысты биыл оның егіс көлемі 6,7 мың гектарға қысқарып, 18,4 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар, ұйымдасқан шаруашылықтар ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында картоп егісін 11,3 мың гектарға арттырады.

Су ресурстарын үнемдеу мақсатында мақта егіс көлемі 135 мың гектарды құрайды. Оның ішінде заманауи тамшылатып суару технологиялары қолданылатын алқап 50 мың гектарға дейін ұлғайтылады, ал дәстүрлі әдіспен егілетін көлем 21,4 мың гектарға қысқарады.

Жалпы алғанда, 2025 жылғы егіс алқаптарының құрылымы елдің негізгі өнімдерге деген ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу