Аталған УПП-ның ерекшелігі - азаматтардың қажеттіліктері, учаскелік полиция инспекторларының функционалдық міндеттері ескеріліп, арнайы жабдықталды. Кеңседе азаматтарды қабылдауға, жиналыс өткізу үшін 10 орынға шақталған жеке бөлме бар, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген ана мен балаға арнайы бөлме қарастырылды, қызметкерлердің киімін қоюға арналған шкафтар мен құжаттарды сақтауға арналған жәшіктер қарастырылды. Одан бөлек, пробация қызметкеріне бір бөлме және кәмелет жасқа толмаған балалармен жұмыс істейтін учаскелік инспекторға жеке бөлме берілді. Сондай-ақ қызметкерлердің демалыс бөлмесі мен ас үй де толығымен жабдықталған. Жалпы ғимараттың ауданы 8 жұмыс орны мен тіркеу бөлімін қосқанда 156,65 шаршы метрді құрайды.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.С. Көлгінов және Нұр-Сұлтан қаласы "Алматы" ауданының әкімі Б.Т. Есполов жаңа учаскелік пункт үшін кеңсе бөлді. М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті "NAK" құрылыс компаниясымен бірге учаскелік полиция пунктінің заманауи стильдегі дизайнын жасап, жобалау және жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар техникалық жабдықтарын алып, ғимаратты толығымен қайта жабдықтады.
КАЗГЮУ Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаевтың айтуынша, жоғары оқу орнының қызметкерлері инспекторлармен тереңдетілген сұхбаттар жүргізіп, арнайы әдістеме дайындаған.
Полиция қызметкерлері және пилоттық аудандағы полиция департаментінің басшылық құрамы университет базасында "Кикілжің психологиясы", "Құқықтық талдау негіздері", "Эмоционалды интеллект", "Құжаттарды рәсімдеу" курстарын оқып, кәсіби біліктілігін арттырды.
Аталған учаскелік пунктінің штаттық құрамы курс нәтижесі бойынша оқытушылар берген ұсыныстардың негізінде жасақталатын болады.