Қазақстанда алғаш рет киберқауіпсіздік мамандығы бойынша запастағы офицерлер дайындалды

398

Жаңа әскери мамандық елдің киберқауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.  

Қазақстанда алғаш рет киберқауіпсіздік мамандығы бойынша запастағы офицерлер дайындалды Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері тарихында алғаш рет "Киберқауіпсіздік" әскери-есептік мамандығы бойынша запастағы офицерлер даярланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында 170-тен астам запастағы офицерлер мен сержанттардың оқу дайындығы аяқталды. Оның ішінде киберқауіпсіздік бағыты бойынша алғашқы түлектер қатарында Алматы технологиялық университетінің студенті Азамат Нәбиев те бар.

Оқу барысында студенттер ақпараттық жүйелерді қорғау, кибершабуылдарға қарсы әрекет ету, сондай-ақ әскери байланыс құралдарын пайдалану бағыттары бойынша білім алды.

– Қазіргі Қарулы күштер жоғары технологиялық ортада тиімді жұмыс істей алатын мамандарға мұқтаж. Сондықтан запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау барысында теориялық біліммен қатар, әскери қызметшілер нақты жағдайда орындауы мүмкін міндеттерді тәжірибе жүзінде пысықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Киберқауіпсіздік және байланыс бағыттары бойынша дайындық цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында сұранысқа ие мамандарды қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты академиялық ұтқырлық бөлімінің әдіскері майор Жанарбек Керімқұлов.

Айта кетейік, институтта заманауи әскери-есептік мамандықтар бойынша 190 -нан астам запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдан бастап әуе шабуылына қарсы қорғаныс бағыты бойынша да мамандар дайындалып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу