Павлодарлық кардиохирургтар жүрекке ашық операция жасаудың жаңа тәсілін игеріп жатыр. Хирургиялық криоабляция деп аталатын бұл әдіс жүрек ырғағы бұзылған науқастарды емдеуде қолданылады, деп хабарлайды 24.kz.
Жаңа әдіс науқастың жүрегіндегі бұлшық еттің бір бөлігін қатыру арқылы жүзеге асады. Ол үшін -140 градустан төмен температура қолданылады.
Жүрек қағысы мен ырғағының бұзылуы бүгінде кең таралған сырқат түріне жатады. Кардиохирургтар оны ашық операция арқылы емдейді. Бұл жолы дәрігерлер жүрек қақпағын қалпына келтіру үшін операция жасады.
"Электрод арқылы аргон деген газды -140 градусқа дейін төмендетіп, жүректің ырғағының өзгеруін, ауру орындарын мұзбенен қатырып емдейді. Бұл жүректің ырғағын түзетуге мүмкіндік беретін әдіс", - дейді облыстық кардиологиялық орталық директорының міндетін атқарушы Ермағамбет Қуатбаев.
Бұл – емдеудің аса күрделі түрі. Асқан шеберлікті талап етеді. Дәрігерлер мүлт кеткен жағдайда ағзаның сау жеріне зақым келетінін жоққа шығармайды. Сондықтан ақ халаттыларға артылатын жауапкершілік еселенеді.
Операцияның бұл түрі Павлодардың кардиорталығында ғана емес, Қазақстанда алғаш рет жасалып отыр. Хирургиялық криобляция әдісі жақсы дамыған Түркиядан арнайы профессор шақыртылыпты. Шетелдік маманның пікірінше, осы тәсілмен емдеудің 90 пайызы оң нәтиже береді.
"Бұл әдіс әлемде қолданыла бастағанына көп болған жоқ. Біз оның тиімділігінің зор екеніне көз жеткіздік. Өз тәжірибеміз арқылы оң баға беріп отырмыз. Қазақстандық әріптестеріміз де емдеудің осы түрін жақсы меңгереді деген сенімдеміз", - Түрік профессоры Баһадүр Инан.
Павлодарда жүрек ырғағы бұзылған екі науқасқа операция жасалды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мұндай сырқат түріне еліміз бойынша тұрғындардың 5 пайызы шалдыққан.