Қарашығанаққа бірегей технологиямен жасалған үш фазалы сепаратор әкелінді. Жаңа қондырғы алғаш рет Қазақстанда жасалып отыр, деп хабарлайды astanatv.kz.
"Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" компаниясы отандық "Белкамит" және "АтырауНефтеМаш" кәсіпорнына арнайы тапсырыс берген.
Мамандар мұны Қарашығанақ пен отандық кәсіпорындар арасындағы әріптестіктің жемісі деп бағалады.
Сепаратор күкірттің тотығуына шыдас беретін, ең төзімді металдан дайындалған. Ауыр, әрі күрделі құтының қалыңдығы 71 миллиметр. Оның 5 милиметрі жабынды қабат.
"Бүгін "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" компаниясының жергілікті машина жасау зауыттарына берген тапсырмасының үлгісін көріп жатырмыз. Мұндай күрделі және ауыр құтылар Қазақстанда алғашқы рет жасалып жатыр. "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" компаниясы одан әрі қарай қазақстандық өндірушілердің тапсырыс беруіне жұмысын жалғастырады", - дейді "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" жергілікті үлесті дамыту менеджері Бақытжан Досқазиев.
Мұнайға қажетті алып құтыны жасау үшін "АтырауНефтеМаш" компаниясы басшылығы аса ыждағаттылықпен келген. Әсіресе, өндіріске қабырғасы қалың металлды дәнекерлеу процесін жаңадан іске қосыпты.
"АтырауНефтеМаш" зауыты Қазақстанда алғаш рет Қарашығанақ Петролиум жобасы үшін үш фазалы сепаратор жасап шығарды. ASME халықаралық стандартына сәйкес. Бұл сеператордың ерекшелігі - қабырғасының қалыңдығы 71 миллиметр. Оның 5 миллиметрі жабынды қабат. Бұл өте жоғары күкіртті ортаға төзімді", - дейді "АтырауНефтеМаш" ЖШС бас директорының орынбасары Валера Мясников.
Қарашығанақ Петролиум компаниясы отандық кәсіпорындардың алдыңғы қатарлы технологиясын дамытуға барынша мүмкіндік береміз деп отыр.
Айта кетейік, аталған жобада отандық тауар, жұмыс және қызмет көрсетуді сатып алудың үлесі 6,7 млрд АҚШ долларынан асты.