Астанадағы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында ел тарихында және Орталық Азия аймағында алғаш рет жүрекке роботтандырылған технология арқылы ота сәтті жасалды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Туа біткен жүрек ақауы – жүрекшелік перде ақауы бар 28 жастағы науқасқа соңғы үлгідегі роботтық хирургиялық жүйе арқылы ота жасалды. Операция дәстүрлі әдіс – стернотомиясыз, яғни кеуде сүйегін ашпай, шағын тілік арқылы өтті. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсы, – делінген хабарламада.
Медициналық орталықтың мәліметінше, бұл ота – жоғары технологиялы кардиохирургияны дамыту мен халықаралық медициналық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам.
Конференция аясында шетелдік сарапшылар да консультациялар өткізді. Мәскеуден келген медицина ғылымдарының докторы, кардиолог әрі функционалды диагностика маманы Ольга Джиоева орталықтың кардиологтарымен бірге науқастарды қабылдады. Ал Жапониядағы Әулие Мария ауруханасының гематология бөлімінің меңгерушісі, профессор Jeon Yungwoo тоғыз пациентке кеңес берді.
Айта кетсек, Астанада өткен ірі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын аяқтады. Бағдарлама кардиохирургия, онкология, ядролық медицина, нейрохирургия, терапия, цифрландыру, фармацевтикалық реттеу, мейірбикелік іс, көшбасшылық және медициналық көмектің сапасын басқару сияқты өзекті тақырыптарды қамтыды.
Форумға жетекші клиникалар мен ғылыми институттардың, сондай-ақ Қазақстандағы жоғары оқу орындарының өкілдері және оннан астам елден келген шетелдік сарапшылар қатысты.
Конференция тәжірибе алмасуға, инновациялық медициналық және білім беру технологияларын дамытуға арналған маңызды алаңға айналды.
Барлығы төрт мыңға жуық адам конференцияның онлайн және офлайн форматтарында өткен іс-шараларға қатысты. Сессиялардың тікелей трансляцияларын қарау саны төрт мыңнан асты.