Қазақстанда крематорий салынады

1569

Алматы қаласындағы 27 зиратта жерлеуге орын қалмаған.

Қазақстанда крематорий салынады

Қазір шаһардағы ірі екі зиратта жерлейтін орын жоқтың қасы. Мамандардың айтуынша, елдегі алғашқы крематорий құрылысы бұл мәселені шешуге орасан септігін тигізбек, деп хабарлайды "Мир" телеарнасы. 

Қазір жаңа крематорийдің нобайы дайын. Бұл жоба бірнеше жыл бойы әзірленген. Шенеуніктер нысанды салуға орынды Алматының шет жағынан іздестірді.

"Алматы қаласындағы 41 зираттың 27-сі жабық. Онда орын жоқ",– дейді "Ғұрыптық қызметтердің арнайы комбинаты" директорының орынбасары Марат Исмаилов.

Комбинат қызметкерлерінің айтуынша, Алматыда ай сайын жүздеген адам көз жұмады. 

Бүгінгі таңда елімізде бірде-бір крематорий жоқ. Бірақ оның құрылысы туралы мәселе 80 жылдардан бері көтеріліп келеді. 

Жаңа арнайы нысан ЖЭС маңында салынбақ. Мамандардың айтуынша, барлығы белгіленген стандарттарға сәйкес келеді. Елдімекендердің ең жақыны ол жерден бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан. Крематорий құрылысына қазынадан үш миллион доллар бөлінбек. 

Бұл нысанның құрылысын имамдар қатты сынға алды.

"Адам денесін өртеу немесе кремация исламда күнә болып саналады және шариғатқа қарсы келеді. Марқұмның денесі міндетті түрде жер қойнына тапсырылуға тиіс",– деді Алматы қаласындағы Орталық мешіттің имамы Нұрмұхамед Иминов.

Бұған қарамастан оңтүстік астанада крематорий салынатын болып шешілді. Биліктің ойынша, бұл биоқалдықтарды жою және танылмаған денелерді көму мәселесін шешеді. Қазір "Ғұрыптық қызметтердің арнайы комбинатының" қызметкерлері құрылыстың қаржыландырылуын күтуде.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу