Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Quantum AI" ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба алдыңғы қатарлы кванттық технологиялар өндірушісі SpinQ Technology компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.
Жаңа орталыққа жеті заманауи кванттық есептеу жүйесі орнатылды. Қазіргі уақытта бұл – Қазақстандағы жалғыз кванттық компьютерлер. Олар студенттер мен жас ғалымдарға күрделі ғылыми зерттеулер жүргізуге, машиналық оқыту алгоритмдерін әзірлеуге және кванттық технологияларды тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.

Салтанатты шарада сөз алған ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев бұл қадамның университетті әлемдік деңгейдегі зерттеу орталығына трансформациялаудағы рөлі зор екенін қадап айтты. "Қазіргі уақытта жасанды интеллект, үлкен деректер мен кванттық есептеулер әлемдік ғылым мен экономиканың жаңа бағытын айқындап отыр. Кванттық технологиялар мен ЖИ интеграциясы криптография, медицина және күрделі жүйелерді модельдеу саласындағы бұрын классикалық компьютерлердің қауқары жетпеген ең күрделі міндеттерді шешуге жол ашады", – деді университет басшысы.
Оның айтуынша, жаңа зертхана университеттің зерттеу әлеуетін күшейтіп, еліміздің технологиялық егемендігін нығайтуға ықпал етеді.
Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұловтың айтуынша, жаңа зертхана студенттерге тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен нақты өндірістік жобаларға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл олардың кәсіби дағдыларын жетілдіріп, халықаралық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ.
Салтанатты шара барысында көпшілікке "Quantum AI" зертханасының мүмкіндіктері таныстырылып, машиналық оқытудың жаңа алгоритмдерін әзірлеу бағытындағы жоспарлар ұсынылды.