Министр өзінің құттықтау сөзінде еңбек жәрмеңкесі жас мамандарға отандық экономиканың флагманы саналатын кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға бірегей мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Электрондық еңбек биржасының арқасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 1 мыңнан астам жастың еліміздің ірі кәсіпорындары ұсынған 50-ден астам кәсіпті қамтитын 1 320 бос орынға жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар. Осы еңбек жәрмеңкесін қолдаған барлық компанияларға алғысымды білдіремін. Осындай іс-шараға алғаш рет қатысып отырған жастарға: асықпаңыз, қорықпаңыз, бүгін сіздің күніңіз", – деді Тамара Дүйсенова.
27 маусым күні еңбек жолын енді бастағалы отырған жас мамандарға арналған еңбек жәрмеңкесі аясында "Тиімді жұмыс іздеу" тақырыбында мастер-класс ұйымдастырылады, онда қатысушыларға мамандар түйіндемені қалай жазу керектігін, жұмыс берушілермен кездесуде өзін қалай ұстау, қандай сәттерге назар аудару қажет екенін үйретеді.
27-29 маусым аралығында әр жұмыс беруші өз компаниясын таныстырады. Онда жұмыс шарттары, ашық бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу ерекшеліктері және т.б. туралы айтылады. Бірқатар жұмыс іздеушімен тікелей эфирде онлайн-әңгімелесу өткізіледі.
Онлайн еңбек жәрмеңкесі аясында бос жұмыс орнын ұсынған жұмыс берушілердің арасында Еуразиялық топқа (ERG) және Республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығына кіретін кәсіпорындарды, Kaspi.kz, "Қазақстан Халық банкі" АҚ, "КАТКО" БК ЖШС, "Ernst & Young Kazakhstan" ЖШС, "Евразия групп Казахстан" ЖШС, "Magnum Cash & Carry" ЖШС, "Первое кредитное бюро" ЖШС компанияларын және тағы басқаларын атап өтуге болады.
Алдағы уақытта осындай жәрмеңкелер халықтың түрлі топтары үшін ай сайын ұйымдастырылады.