Қазақстанда ана өлімі 43%-ға төмендеді

193

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.

Қазақстанда ана өлімі 43%-ға төмендеді Фото: canva

2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ана өлімі көрсеткіші 43%-ға төмендеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

ҚР денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы баяндамасында ол негізгі бағыттардың бірі – "Отбасы әл-ауқаты – жаңа стратегиялық бағдар" бағытына жан-жақты тоқталды. Аталған бағыт отбасыны, ана мен баланы қолдауға, баланың дамуына қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралар мен мақсаттарды айқындайды.

Берілген мәліметтерге сәйкес 2026 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша ана өлімі көрсеткіші 100 мың тірі туған балаға шаққанда 6,8-ді құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12,0 болған. Нәресте өлімі де төмендеп, 1000 тірі туған балаға шаққанда 5,92-ден 5,56-ға дейін азайды.

Аналар денсаулығын сақтау саласындағы оң динамика бірқатар факторларды күшейту нәтижесінде қол жеткізілді. Атап айтқанда, жүкті әйелдерді ерте бақылаумен қамту деңгейі 77,6%-ға дейін артты, ал фертильдік жастағы әйелдерді прегравидарлық дайындықпен қамту көрсеткіші 54,5%-ға жетті.

2025 жылдың тамыз айынан бастап Қазақстанда "Аналар саулығы" бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама МСАК деңгейінде 15 тегін базалық зерттеуді ұсынады және әйелдердің хабардарлығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Министрліктің тарапынан 17 өңірдегі 19 облыстық перинаталдық орталықты жаңғырту бойынша мастер-жоспарлар бекітілді. Бұл құрылымдарды біріздендіруге және озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.

"Жаңғырту шеңберінде отбасын жоспарлаудан бастап босанғаннан кейінгі қалпына келтіруге дейін әйелдерге кешенді медициналық қызмет көрсету мақсатында "Әйелдер консультациялары" қайта ашылды. Қазіргі таңда олардың 273-і қалаларда, 152-сі ауылдық жерлерде, 24-і облыстық перинаталдық орталықтар жанында жұмыс істейді. Алдағы уақытта МСАК базасында қосымша 49 әйелдер консультациясын ашу жоспарлануда", – деді бірінші вице-министр.

Сонымен қатар ол өңірлерде 19 облыстық перинаталдық орталық жанынан "Салауатты Ана" пансионаттары ашылғанын хабарлады. Бүгінде мұнда 89 төсек ұйымдастырылып, жоғары қауіп тобындағы 3,5 мыңнан астам жүкті әйел алдын ала медициналық көмек алған.

Аталған шараларды іске асыру медициналық көмектің сапасын арттыруға, жүктілік кезіндегі асқыну қауіптерін төмендетуге және ана мен нәресте өлімін одан әрі азайтуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу