Қазақстанда апатты жағдайдағы 3,7 мың үй бар

412

Елдің 5 өңірінде тұрғын үй қорының жоғары тозуы сақталып отыр.   

Қазақстанда апатты жағдайдағы 3,7 мың үй бар Фото: dknews.kz

Елімізде тозығы жеткен және апатты жағдайдағы 3,7 мың үй бар. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

"Республиканың тұрғын үй қорында тозығы жеткен және авариялық жағдайдағы 3,7 мың үй бар. Авариялық тұрғын үй иелерінің мәселелерін шешу және елдімекендердің сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында бұзылатын үйлердің тізбесін айқындай отырып, қабылданған реновациялау бағдарламалары өзектендіріледі. 2029 жылға 1 мың 500 үйді бұзу және 40 мың меншік иесінің тұрғын үй мәселелерін шешу жоспарланып отыр. Оның ішінде биыл 3 мыңнан астам меншік иесін қамтитын 120 көппәтерлі тұрғын үй бар", - деді министр.

Марат Қарабаев күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминиум объектілерінің үлесі 32%-дан 31,1%-ға дейін төмендегенін атап өтті.

"5 өңірде тұрғын үй қорының жоғары тозуы сақталады. Атап айтқанда, Абай облысында – 67%, Батыс Қазақстан облысында – 63,9%, Ақмола облысында - 59,2%, Жетісу облысында – 52,6%, Алматы қаласында – 52,4%. Республиканың 11 өңірінде 215 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді", - деді ол.

Еске салайық, осыған дейін биыл елде 143,5 мың тұрғын үйді пайдалануға берілетінін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу