Елімізде 3700 көпқабатты үй апатты деп танылған. Ал, 17 мыңына толыққанды жөндеу жұмысы қажет. Дәл осындай жағдайға тап болған Қарағанды облысы Приозерск қаласының 174 отбасы үйіндінің астында қаламыз ба деп алаңдаулы. Себебі, қабырғалары сөгіліп, тіреу қойылған үйлерді екі жылдан бері жергілікті билік апатты деп танымаған.
Приозерск қаласында апатты жағдайдағы 4 бірдей көпқабатты үй бар. Олардың қабырғалары сөгіліп, тіреудің көмегімен тұр. Енді "үйіндінің астында қаламыз ба?" деп үрейі ұшқан жұрт жылдар бойы мәселелерін жергілікті әкімшілікке айтқан. Алайда, жабулы қазан сол күйінде қалып келеді.
"Жүгімізді буып, дайын отырмыз. Қай күні құлайтынын да білмейміз төбемізден. Терезелердің бәрі қисайған. Қай күні шығарып жібереді, квартира бере ме, бермей ме нақты шешімін ешкім айтпай отыр", – дейді Приозерск қаласының тұрғыны Гүлмира Күлшібаева.
Приозерск қаласының тағы бір тұрғыны Қайырғали Жұбантаев үйдің отырып жатқанын айтады.
"Үйдің кіре берісі де отырып жатыр. Сатылардан да белгілі, жарылып-жарылып отырып бара жатыр. Жылдан-жылға кетіп барады. Білмеймін биыл үй бермесе квартира жалдап кетеміз бе, қорқамыз", – дейді тұрғын.
Ал, әкімдіктегілер болса, қазан айының басында сараптама өткізілді деп ақталып отыр. Сөздерінше, үй сүрілген жағдайда ешкім де баспанасыз қалмайды.
"Қорытынды шыққаннан кейін егер де аталған 4 үй апатты деп танылса әр отбасы, әр адам үйсіз қалмайды. Бәрін үймен қамтамасыз етіп, заң жүзінде берілетін болады. Тұрғын үй қорындағы бос пәтерлерді бөліп, теңдей пәтерлер береміз", – дейді Қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Бейбіт Майбасов.
Ал, Қазақстан бойынша осындай апатты жағдайда тұрған 3700 көпқабатты үй бар екен. Сондай ақ, толық жөндеуді қажет етіп тұрған баспаналардың саны 17 мыңға жеткен.
2022 жылы 11 облыс бойынша көпқабатты үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге 11 млрд теңге иегерілген. Бірақ мәселе мұнымен шешілмей отыр. Себебі, құрылыс комитетінің мәліметінше, келер жылдың өзіне 14 млрд теңгеге жуық бюджет қаражатын жұмсауды жоспарлап қойған.