Қазақстанда әрбір екінші ересек артық салмақтан зардап шегеді

115

Балалар арасында да жағдай күрделі.  

Қазақстанда әрбір екінші ересек артық салмақтан зардап шегеді Фото: lancet.clinic

Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары қатысатын семіздікке қарсы жедел әрекет ету жоспарын жүзеге асыруға арналған арнайы миссия басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл жұмыс артық салмақтың алдын алу мен оны емдеудің заманауи тәсілдерін медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесіне енгізуге мүмкіндік беретін ұлттық "Жол картасын" әзірлеуге бағытталған.

Мәселенің өзектілігі алаңдатарлық деректермен байланысты. STEPS-2024 зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстандағы 18 жастан асқан тұрғындардың 58 пайызы артық салмақпен өмір сүріп жатыр. Оның ішінде семіздіктің клиникалық түрі халықтың 22,4 пайызында анықталған.

Балалар арасында да жағдай күрделі. COSI (2020) зерттеуіне сәйкес, 6-9 жас аралығындағы балалардың 20,6 пайызында артық салмақ бар, ал 6,6 пайызы семіздікке шалдыққан. Бұл көрсеткіштер мәселені мемлекеттік деңгейде шешу қажеттігін айқын көрсетеді.

Аталған жұмыс Үкімет басшысының семіздіктің таралуын төмендетуге және салауатты тамақтану ортасын қалыптастыруға бағытталған кешенді жоспар әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жүргізіліп отыр. Мәселені жүйелі түрде шешу үшін салалық ведомстволардың күшін біріктіріп, теориялық тұжырымдамалардан нақты практикалық құралдарға көшу қажет екені айтылды.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова қабылданатын шешімдердің стратегиялық маңызын атап өтті.

"Семіздік – тек медициналық мәселе емес. Бұл қоғамдық денсаулық пен экономикаға әсер ететін жаһандық сын-қатер, сондықтан оған ұлттық деңгейде жедел әрекет ету саясаты қажет. Біздің міндетіміз – халықтың дұрыс тамақтануына жағдай жасау, салық саясатын жетілдіру, медициналық және профилактикалық көмектің қолжетімділігін арттыру арқылы халықаралық дәлелденген құралдарды елдің басымдықтарына бейімдеу", – деді вице-министр.

Халықаралық сарапшылар да бұл бастамаларды жүзеге асыруда Қазақстанды қолдауға дайын екенін жеткізді. ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі Скендер Сыла семіздікпен күресте жан-жақты тәсіл қалыптастырылып жатқанын атап өтті.

"Біз әріптестерімізбен бірге тәтті сусындардың қолжетімділігін шектеу, балаларды агрессивті маркетингтен қорғау, дәрігерлерді оқыту және емдеудің заманауи әдістерін енгізу бағытында кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ортақ мақсат – семіздік пен оған байланысты аурулардың таралуын айтарлықтай азайту", – деді ол.

Алға қойылған міндеттерді орындау үшін Қазақстан салауатты тамақтану әдеттерін реттеу және насихаттауды қамтитын бірқатар шараларды енгізуді жоспарлап отыр. Негізгі бағыттардың қатарында қант қосылған сусындарға салық салу, балаларға арналған зиянды өнімдердің жарнамасын шектеу, сондай-ақ тұтынушыларды ақпараттандыру мақсатында өнім қаптамасына фронтальды таңбалау енгізу бар.

Сонымен қатар бастапқы медициналық буынды жаңғырту жұмыстары қолға алынады. Жалпы практика дәрігерлері "қысқа араласу" әдістемелері бойынша оқытылып, бұл семіздік қаупін ерте кезеңде анықтауға және пациенттерге кешенді, көпсалалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Үш күнге жоспарланған миссияның қорытындысы нақты іске асыру мерзімдері мен жауапты тараптары айқындалған практикалық "Жол картасын" бекіту болмақ. Бұл жоспарды 2030 жылға дейін жүзеге асыру елде тұрақты әрі салауатты тамақтану ортасын қалыптастырып, алдын алу жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу