Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері өтеді

180

16 қазанда режиссер Эдгар Багдасарянның "Яша и Леонид Брежнев" атты көркем фильмі көрсетіледі.

Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері өтеді Фото: Қазақстан сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі

15-16 қазан күндері Астана қаласында Қазақстандағы Арменияның мәдениет күндері өтеді. Мәдениет күндері аясында бірқатар мәдени іс-шаралар жоспарланған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Армян киносы күндерінің ашылуы Астана қаласындағы "Кинопарк 7 IMAX Керуен" кинотеатрында өтетін "Армян анимациясының сиқырлы әлемі" анимациялық бағдарламасымен басталады. Сонымен қатар, қазақстандық көрермендерге режиссер Арман Чилингарянның "Жарық тамшылары" көркем фильмі ұсынылады.

Мерекелік концерт Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтеді. Онда Арменияның Мемлекеттік джаз оркестрі өнер көрсетеді.

Айта кетсек, Арменияның Мемлекеттік джаз оркестрі –1938 жылы құрылған КСРО-ның алғашқы джаз ұжымдарының бірі. Әйгілі музыканттарымен, бай репертуарымен танымал ұжым бүгінде әлемдегі ең үздік оркестрлердің бірі.

Сонымен қатар, Сергей Параджановтың 100 жылдық мерейтойына арналған фотокөрме ұйымдастырылады. Көрмеде Сергей Параджанов музейінің мұрағатынан 45 фотосурет ұсынылады. Оның 20-сы белгілі кинорежиссердің күнделікті өмірі мен шығармашылық ойларына, ал 25-і көркем туындыларына арналған.

Қазақстандағы Арменияның мәдениет күндері Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтетін Соса Саркисян атындағы "Амангаин" мемлекеттік театрының "Лю-Беф" спектаклімен қорытындыланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу