Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті келісімшарт негізінде қызмет атқаратын әскери қызметшілерге тамақпен қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда төленетін ақшалай өтемақының жаңа тәртібін бекітті.
Тиісті өзгерістер ҰҚК төрағасының 2026 жылғы 20 шілдедегі бұйрығымен енгізіліп, құжат жаңа редакцияда қабылданды. Онда ұлттық қауіпсіздік органдары әскери қызметшілеріне жалпыәскери азық-түлік үлесінің құнын өтеу тетігі нақтыланған.
Жаңартылған қағидаға сәйкес, өтемақы әскери қызметшінің тамақтануға кеткен шығынын өтеуге арналған. Егер әскери қызметші бір тәулік ішінде бірнеше мәрте тәуліктік кезекшілікке, жауынгерлік кезекшілікке немесе жауынгерлік қызметке тартылса, өтемақы бір күнге тек бір рет қана төленеді.
Сонымен қатар қызметтік іссапарда болып, тәуліктік шығын алатын келісімшарттағы әскери қызметшілер бұл төлемді ала алмайды.
Өтемақы көлемі тиісті қаржы жылына арналған бюджеттік өтінімде көзделген жалпыәскери азық-түлік үлесінің құны негізінде есептеледі. Қаражат республикалық бюджеттен, ұлттық қауіпсіздік органдарын ұстауға бөлінген қаржы есебінен төленеді.
Өтемақы рәсімдеу үшін бөлімше басшысы есепті айдан кейінгі айдың 1–5-і аралығында әскери қызметшілердің тізімін және растайтын құжаттарды қоса тіркеп, рапорт ұсынады. Қызмет ерекшелігіне қарай саптық бөлімнің бұйрықтарынан үзінділер, жауынгерлік қызмет кестелері, шекара қызметі кітабы немесе ұшу тапсырмаларын орындағанын дәлелдейтін құжаттар қоса беріледі.
Төлем бөлімше басшысының немесе оның міндетін атқарушының бұйрығы негізінде жүргізіледі. Бұйрық рәсімделгеннен кейін құжаттар қаражат аудару үшін қаржы бөліміне жолданады.
Өтемақы өткен айға тиесілі ақшалай үлеспен бірге төленеді. Егер қаржыландыру уақытында қарастырылмаса, төлем жеке қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізілген соң жүзеге асырылады.
Қаражат әскери қызметшінің қызмет орны бойынша банктік шотына аударылады. Егер әскери қызметші басқа бөлімшеге ауысса, бұрынғы қызмет орнында төленбей қалған немесе толық төленбеген өтемақы сол бөлімше арқылы беріледі.
Жаңа бұйрық қол қойылған күннен бастап заңды күшіне енді.