10 қыркүйекте Қазақстан Қарулы күштерінің әскери-техникалық саясат саласында қызмет ететін мамандары кәсіби мерекесін атап өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл күн 2009 жылы Қорғаныс министрлігінде Әскери-техникалық саясат департаментінің құрылуымен байланысты. Бүгінде осы бағыттағы мамандар әскердің техникалық әлеуетін дамытуға қатысты кешенді міндеттерді атқарып келеді.
Мамандар қару-жарақ пен әскери техника саласындағы әлемдік үрдістерді зерделеп, заманауи технологияларды талдайды. Сондай-ақ олардың Қарулы күштердің қажеттіліктері мен мемлекеттің мүмкіндіктеріне сәйкес қолданылу әлеуетін бағалайды.
Осы жұмыстардың негізінде армияны техникалық дамыту бағыттары айқындалып, әскерлерді заманауи қару-жарақ пен әскери техника үлгілерімен жабдықтау және жеткізу көздерін әртараптандыру бойынша ұсыныстар әзірленеді. Басым бағыттардың бірі – отандық қорғаныс өнеркәсібін дамыту.
Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру кезінде қазақстандық кәсіпорындардың мүмкіндіктері, өндірісті жергіліктендіру және жаңа технологияларды игеру перспективалары ескеріледі.
Қазір отандық қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары қару-жарақ пен әскери техниканың жекелеген түрлерін, радиобайланыс жүйелері мен автоматтандырылған кешендерді шығарады. Әскерлерге қазақстандық өндірістегі дөңгелекті сауытты машиналар, ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар мен заманауи байланыс құралдары жеткізіліп жатыр. Сонымен қатар қолданыстағы әскери техниканы жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Әскери-техникалық саясаттың тағы бір маңызды бағыты – халықаралық ынтымақтастық. Қазақстан бұл салада 40-тан астам мемлекетпен және бейінді халықаралық ұйымдармен байланыс орнатқан. 18 елмен екіжақты шарттар мен келісімдер жасалған.
Халықаралық комиссиялар мен жұмыс топтары тәжірибе алмасуға, заманауи шешімдерді зерделеуге және бірлескен жобаларды пысықтауға мүмкіндік береді.
Бүгінде әскери-техникалық саясат әскердің техникалық әлеуетін арттыруға, қорғаныс өнеркәсібін дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған.