Нысанның құрылысын қазақстандық тарап толық қамтамасыз ететін болады. Ал америкалық Firebird компаниясы қымбат серверлік жабдықтарды жеткізу және әлемдегі ірі IT-компанияларды тарту міндетін өз мойнына алады, деп жазады inbusiness.kz ссайты.
Деректерді өңдеу орталығы – бұл Nvidia компаниясының графикалық процессорларының базасында өнімділігі жоғары серверлерді пайдалана отырып, әлемдік деңгейдегі IT-хаб құруға бағытталған Қазақстан мен Америка бірлескен жобасы.
Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады: бірінші кезеңде 109 МВт электр қуатын пайдалану көзделсе, екінші кезеңде бұл көрсеткіш 136 МВт болады. IT-инфрақұрылымның жалпы аумағы бірнеше стадионның көлемімен шамалас.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз Екібастұзда әлемдік деңгейдегі деректерді өңдеу орталығын құрып жатырмыз. Шын мәнінде, Қазақстан Екібастұз көмірін экспортқа бағытталған цифрлық табысқа айналдырып отыр. Көмірден өндірілетін энергия жоғары технологиялық, экспортқа бағытталған қызметке айналып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі ірі шетелдік компанияларға сатылатын болады. Бұл – бірлескен бизнес жоба. Біздің Firebird компаниясындағы серіктестеріміздің әлемдік ірі компаниялармен қызмет көрсету бойынша кепілдендірілген келісімшарттары бар. Соның нәтижесінде елімізге шетел валютасындағы түсімдер тартылатын болады", – деп атап өтті Бағдат Мусин.