Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,2 трлн теңгеге жетті

406

Алты айда азық-түлік өндірісі 14,7%-ға өсіп, 2,1 трлн теңгені құрады.  

Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,2 трлн теңгеге жетті Фото: kaz.inform.kz

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы алты айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4,4%-ға өсіп, 2,2 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өсім еліміздің барлық өңірінде тіркелді.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.

– Биылғы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі өсім көрсетуі тиіс. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалған. Ендігі міндет – әр өңірдің қолда бар мүмкіндігін толық пайдаланып, жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастыру, – деді Айдарбек Сапаров.

Жиында агроөнеркәсіп кешенінің экономикалық өсімін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамыту мәселелері қаралды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың мәліметінше, есепті кезеңде азық-түлік өндірісі 14,7%-ға өсіп, 2,1 трлн теңгеге жетті. Сусын өндірісі де 4,4%-ға артып, 595 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар бірқатар өңірде азық-түлік өндірісінің нақты көлем индексі бойынша жоспарланған көрсеткіштердің орындалмағаны айтылды. Облыс әкімдіктерінің өкілдері қалыптасқан жағдайдың себептерін баяндап, көрсеткіштерді жақсарту үшін қабылданатын шаралар туралы ақпарат берді.

Кеңес қорытындысында Айдарбек Сапаров өңір әкімдіктеріне қайта өңдеу кәсіпорындарының қызметіне ай сайынғы мониторингті күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ уақытша тоқтап тұрған кәсіпорындардың жұмысын қайта жандандыру, оларды айналым қаражатымен уақтылы қамтамасыз ету мәселелерін шешу және 2026 жылғы қаңтар-шілде айларына белгіленген нысаналы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету міндеттелді.

– Қажет болған жағдайда әрбір проблемалы кәсіпорынмен жеке жұмыс жүргізіңіздер. Туындаған мәселелерді созбалаңға салмай, жедел шешіңіздер. Ең бастысы – өсім қарқынының төмендеуіне жол бермеу. Қойылған міндеттерді орындауға барлық жағдай жасалған, – деді министр.

Кеңеске қаржы институттарының, Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары және облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу