Қазақстанда көп автобустың тозығы жеткен – депутат

287

Министрлік қалалардағы автобустың тозу деңгейі төмендегенін алға тартты. 

Қазақстанда көп автобустың тозығы жеткен – депутат Фото: ekaraganda

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев туризмді дамытуда көліктің ықпалы жоғары екенін айтып, тозығы жеткен автобустар мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутаттың айтуынша, "Ауыл" партиясының бір арманы – Қазақстанда туризмді дамыту. 

"Марат Кәрімжанұлы, сіз шетелде болып жүрсіз ғой, туризмді көріп жүрсіз. Онда көліктің ықпалы өте жоғары. Екі қабатты автобустар жүреді, комфорт таксилері бар. Біздің Қазақстанға қарасаңыз, автобустардың көбісінің тозығы жеткен. Астана маңыңдағы базарда автобустардың өзіне қарап, соны түсінуге болады. Халықаралық деңгейде жүретін автобустардың тозығы 84 пайыз. Облысаралық автобустарда бұл көрсеткіш – 68 пайыз. Автобус паркін қалай жаңартасыздар? Екіншіден, өзін-өзі реттеу ұйымдары дамысын. Нотариустардың, адвокаттардың палатасы бар. Бірақ мал шаруашылығында палаталар пайда болғаннан кейін бір мәміле жоқ, жан-жаққа тартып, палатаның бәрінің быт-шыты шықты. Палатаға көзқарасыңыз қандай?", – деп сұрады Анас Баққожаев.

Көлік министрі Марат Қарабаев екі жыл бұрын "Жасыл даму" арқылы үлкен бағдарлама басталғанын еске салды. 

"Соның шеңберінде қалалық қатынастардың арасында 3 мыңға жуық автобус жаңартылды. Нәтижесінде қаладағы автобустың тозу деңгейі 52 пайыздан 33 пайызға дейін төмендеді. Екіншіден, өзін-өзі реттейтін ұйым құрғанда, ол нарықтың 33 пайызын игеруі керек деп айттық. Сондықтан үшеу болады дедік. Оған біздің көзқарасымыз, әрине, оңтайлы", – деді ведомство басшысы.

Айта кету керек, Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу