Қазақстанда міндетті автосақтандыру жүйесін өзгерту ұсынылды. Бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарық қатысушылары мен сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп әзірленді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жаңа жүйе бойынша сақтандыру полисінің құны жүргізушінің жеке тәуекеліне қарай есептеледі
Жол ережесін жиі бұзатын немесе жол-көлік оқиғасына көп түсетін жүргізушілер үшін полис қымбаттауы мүмкін. Ал тәртіпті жүргізушілерге сақтандыруды төмен бағамен рәсімдеуге мүмкіндік беріледі. Бағаны есептеу кезінде жүргізушінің жолдағы тәртібі, апат тарихы, жасы мен көлік жүргізу өтілі, сондай-ақ автокөліктің пайдаланылу ерекшеліктері де ескеріледі.
Сақтандыру компаниялары полис құнына қандай факторлар әсер еткенін клиентке түсіндіруге міндетті болады. Жүргізуші тәуекел бағасымен келіспеген жағдайда, оны қайта қарауды талап ете алады.
Реформа бірден енгізілмейді
Алғашқы кезеңде жаңа жүйенің полис құнына әсері қолданыстағы тарифтің 20%-ынан аспайды. Кейін оның тиімділігі бағаланып, тарифтерді икемді белгілеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар сақтандыру төлемдерін есептеуді біріздендіру үшін қосалқы бөлшектер мен автокөлік жөндеу жұмыстарының бірыңғай құны көрсетілген анықтамалық әзірленбек. Бұл залалды бағалаудағы айырмашылықтарды азайтып, жүргізушілерге төленетін өтемақыны түсініктірек етуге тиіс. Тиісті өзгерістер Сақтандыру нарығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасының жобасында қамтылған.
Айта кетейік, 2021–2025 жылдары міндетті автосақтандыру бойынша жиналған сыйлықақы көлемі 82 млрд теңгеден 118 млрд теңгеге дейін өскен. Ал сақтандыру төлемдері 38 млрд теңгеден 106 млрд теңгеге артқан.