29-шы тамыз күні елімізде МАГАТЭ-нің бақылауымен жартылай байытылған уран банкі ашылады. Қазақстан уран өндіруден жетекші елдердің қатарында болғандықтан, бұл ұлттық және экономикалық қатынастарды дамытуға мол мүмкіндік бермек, деп хабарлайды 24.kz.
Қазақ елінің Біріккен ұлттар ұйымының тұрақты емес мүшесі болып қабылданғаны белгілі. Бұл еліміздің бейбіт атом қуатын дамыту бастамасы бойынша беделді ұстанымын көрсетеді. Айта кетейік, тамыздың 25-і мен 28-і аралығында Астанада 62-ші Пагуош конференциясы өтеді. Екі жыл сайын алқалы жиында бас қосатын ғалымдар ядролық қаруды таратпау мәселесін талқылайды.
"Аз байытылған уран банкі деген сөз көпшілікті шошытуы мүмкін. Шын мәнінде бұл шағын бөлменің көлеміндей ғана аумақ. Оның үстіне Қазақстан – қазірдің өзінде бейбіт энергетика үшін ядролық отын шығаратын ел. Бұл ретте уран банкін ашу – ядролық отынды экспортқа шығару тұрғысынан алғанда Қазақстан үшін экономикалық жағынан тиімді", дейді ҚСЗИ директорының орынбасары Санат Көшкімбаев.