Қазақстанда балалар арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында олардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеу шаралары қолға алынбақ.
Бұл туралы Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған "Бала қорғау" кешенді жоспарынан белгілі болды.
Жобада Instagram, Facebook, WhatsApp, ВКонтакте платформаларында кәмелетке толмағандарды заңды өкілдердің рұқсатынсыз тіркеуді шектеу жөнінде шаралар қабылдау 2025 жылғы 1 тоқсанға жоспарланғаны жазылған. Бұл шаруаға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Ақпарат және қоғамдық даму, Оқу-ағарту министрліктері жауапты болады.
"Бала қорғау" кешенді жоспарындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда жасөспірімдер ортасындағы криминогендік жағдай күрделеніп келеді. Мысалы, 2021 жылы 1529 қылмыс тіркелсе, 2022 жылы оолардың саны 12 пайызға артып, 1735-ке жеткен. Мұндай құқық бұзушылықтар, әсіресе, Алматы қаласы, Батыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау облыстарында жиі тіркеледі.
Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 6 маусымға дейін.