Қазақстанда балаларға арналған даму және ерте араласу орталықтарының желісі кеңейіп жатыр

370

Елде бір жыл ішінде 386-дан астам жаңа орталық ашылып, балалардың дамуындағы бұзылыстарды ерте анықтау жұмыстары күшейтілді.  

Қазақстанда балаларға арналған даму және ерте араласу орталықтарының желісі кеңейіп жатыр Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Қазақстанда балалардың дамуындағы бұзылыстарды ерте анықтау мен профилактикалық көмекті күшейту мақсатында даму және ерте араласу орталықтарының желісі кеңейтілуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде баланы туған сәтінен бастап ерте жасына дейін кешенді қолдауға бағытталған "Алғашқы 1001 күн" жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба патронаж қызметін дамыту, скринингтік бағдарламаларды кеңейту, ана сүтімен қоректендіруді қолдау және ерте жастағы балалардың ұлттық тіркелімін қалыптастыруды қамтиды.

2025 жылдан бастап Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) балалардың дамуын мониторингілеуге арналған GMCD нұсқаулығы енгізілуде. Бұл құрал балалардың дамуындағы қауіптерді клиникалық белгілері байқалғанға дейін анықтауға мүмкіндік береді.

Соңғы бір жыл ішінде елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының базасында 386-дан астам даму және ерте араласу орталығы ашылды. Онда дәрігерлер, логопедтер, психологтер, реабилитологтер және басқа да мамандардан құралған мультидисциплинарлық командалар жұмыс істейді.

Орталықтарда балаларға ғана емес, ата-аналарға да жан-жақты қолдау көрсетіледі. Мамандар бала күтімі бойынша кеңес беріп, оның дамуын бақылау және медициналық көмек алу кезеңдерінің барлығында сүйемелдейді.

Министрліктің мәліметінше, ерте араласу балалар мүгедектігінің қаупін азайтып, олардың өмір сапасын жақсартуға, толыққанды дамуы мен қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу