Қазақстанда балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салына ма?

1019

Бүгінде тек ересек адамдарға вакцина салынып жатыр.  

Қазақстанда балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салына ма?

Денсаулық сақтау министрлігі елімізде балаларға COVID-19-ға қарсы екпе қашан салынатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапованың айтуынша, Қазақстанда кез келген екпе нұсқаулық бойынша салынады.

"Яғни вакцина мемлекеттік тіркеуден өтеді және оған Қазақстанда пайдалануға рұқсат берілгенге дейін зерттеу жүргізіледі.

Біз коронавирусқа қарсы тек 4 вакцинаны пайдаланып жатырмыз. Нұсқаулыққа сәйкес олар жасы 18-ден жоғары адамдарға салынады. Сондықтан біз бұл екпелерді балаларға салуды жоспарлап отырған жоқпыз. Себебі, олар ересектерге арналған вакцина ретінде зерттеуден өтті", - деді Роза Қожапова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол қазіргі таңда коронавирусқа қарсы вакцина өндірушілер жасөпірімдерге және балаларға арналған екпені өндіру мәселесін қарастырып жатқанын атап өтті.

"Қазақстанда осындай вакцина тіркеліп, оларды егуге рұқсат берілген кезде аталған мәселені қарастырамыз. Алайда қазір мен тек ересектерге екпе алуға кеңес беремін. Осылайша, сіз балаларға ауру жұқтыру қаупін төмендетесіз", - деп түйіндеді сөзін басқарма басшысы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу