Негізгі заң жобасын таныстырған Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин салада жаңа өндірістерді құрып, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту үшін ақпараттық жүйе құрылатынын айтты. Оған үш жылдық бюджеттен 120 млн теңге қарастырылған.
"Жануарлар дүниесін қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы бақылаудың бір бөлігі болып есептелетін балық өсіру саласында мемлекеттік бақылау енгізілуде. Мақсаты – саладағы технологиялық процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде су жануарларының өзге текті түрлерінің енуіне жол бермеу. Бақылауды субъектіге барып және бармай-ақ тексеру, профилактикалық бақылау аясында жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелерін де мерзімді, жоспардан тыс тексерулер арқылы және қашықтан бақылау көзделген", – деді Аманғали Бердалин.