Қазақстанда банктік қарыздар бойынша шекті мөлшерлеме белгіленді

315

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін микрокредиттер үшін шекті жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 46% деңгейінде белгіленді. 

Қазақстанда банктік қарыздар бойынша шекті мөлшерлеме белгіленді Фото: smi24.kz; kzvesti.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2025 жылғы 24 желтоқсанда бірлескен қаулы қабылдап, қарыздар мен микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейлерін белгіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Екінші деңгейлі банктер және жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдар беретін қарыздар үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі мына деңгейден аспауға тиіс:

• кепілсіз банк қарыздары – 46%;
• кепілмен қамтамасыз етілген банк қарыздары – 35%;
• ипотекалық тұрғын үй қарыздары – 25%.

Ал мерзімі 45 күнтізбелік күнге дейінгі және сомасы 45 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтын микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі:

• тәулігіне 0,3%-дан төмен,
• бірақ жиынтығында 179%-дан аспауы тиіс.

Мұндай микрокредиттер микрокредит беру шартының міндетті талаптарына және оны өтеу кестесінің бекітілген нысанына толық сәйкес келген жағдайда ғана көрсетілген мөлшерлеме бойынша ұсынылады.

Банк қарызы немесе микрокредит беру шарты жасалған күні, сондай-ақ сыйақы мөлшерлемесі өзгертілгенде немесе қарызды беру мен қызмет көрсетуге байланысты жаңа комиссиялар мен өзге де төлемдер енгізілген жағдайда, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі белгіленген шекті деңгейден аспауы қажет.

Аталған қаулы 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу