Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, осы уақыт аралығында құтқарушылар 96 адамды, оның ішінде 9 баланы аман алып шыққан. Сондай-ақ, 18 автокөлік қардан шығарылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Құтқару жұмыстарына ТЖМ құтқарушылары мен полиция қызметкерлері бірлесіп қатысты.
Қарағанды облысы
Түнде облыстық маңызы бар "Ақой – С. Сейфуллин – Ақсу-Аюлы – Ақтоғай – Балқаш" автожолында, Жалаңаш ауылы маңында жеңіл автокөлік кюветке түсіп кеткен. Көлікте Өзбекстанның 3 азаматы болған. Олар зардап шекпегенімен, өз бетімен шыға алмаған. Құтқарушылар көмегімен қауіпсіз жерге шығарылды.
Жамбыл облысы
6 ақпанда Жуалы ауданындағы "Б. Момышұлы – Көлтоған" тас жолының 38-шақырымында қарға қамалған көліктерге көмек көрсетілді. Нәтижесінде, 4 автокөлік қардан шығарылып, ішінде болған 8 адамға, оның ішінде 1 балаға көмек көрсетілді.
Ақтөбе облысы
5 ақпанда Ырғыз ауданына қарасты Құрылыс кентінен 15 шақырым жерде 4 жеңіл автокөлік қар құрсауында қалған. Құтқарушылар 12 адамды, оның ішінде 3 баланы жақын елді мекенге эвакуациялады.
Жетісу облысы
Сол күні Алакөл ауданындағы "Үшарал – Достық" автожолының жабық учаскесінде 6 жеңіл және 11 жүк көлігі қарға қамалды. Қатты жел мен боранға қарамастан, құтқарушылар 32 жолаушыны, оның ішінде 2 баланы жылыту пунктіне жеткізді. Медициналық көмек қажет болмады.
Қостанай облысы
31 қаңтар түні "Рудный – Қашар – Фёдоровка" автожолында Ресей азаматтары отырған жеңіл көлік қар құрсауында қалып қойды. Құтқарушылар көлікті қардан шығарып, қауіпсіз жолға дейін алып жүрді.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға, дауылды ескертулерді елемеуге болмайтынын еске салып, қолайсыз ауа райында алыс жолға шықпауды ұсынады.