Бір күн бұрын Түркияға көмек көрсету үшін Қазақстанда арнайы шот ашылды, нәтижесінде бір күнде 90 мың доллар қаржы жиналды, деп жазады inbusiness.kz.
Қаржылай көмек көрсету шоты KZI банкпен бірлесе отырып, Түркияның Алматыдағы бас елшілігі бастауымен бір күн бұрын ашылды.
"Біздің қайғымызға ортақ болып, ерекше қолдау көрсеткен үкімет органдарынан бөлек, Қазақстан халқын ерекше атап өткім келеді. Кешелі бері шотқа қомақты қаражат - 90 мың доллар түсті. Қазақстандықтарға шексіз алғысымды білдіремін!", - деді елші.
Сонымен қатар, қазақстандықтар гуманитарлық көмек беруден қалыс қалмады. Қайғылы оқиғаның бірінші күнінен астаналықтар Түрік елшілігіне киім-кешек, гигиеналық құралдар сынды заттарды алып келіп жатыр. Бүгін жиналған көмектің бірінші партиясы ұшақпен Түркияға жіберілді, ал бүгін таңнан бері тағы 35 қорап зат жиналған.