Республика күні қарсаңында қайырымды жандардың форумы өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Астанада өткен айтулы жиында мемлекеттік органдардың, қайырымдылық ұйымдарының, жеке сектор өкілдері мен еріктілер, меценаттар бас қосты.
Бұл шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, бірыңғай грант операторы және "Қазақстан даму ассоциациясы" заңды тұлғалар қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылды. Форум азаматтар мен ұйымдардың қайырымдылықты дамытуға және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға қосқан үлесін тану алаңы болды десек қателеспейміз. Форум қайырымдылық жасап, елдің құрметіне бөленген құрметті атаққа лайық лауреаттарды марапаттау рәсімімен ашылды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің бейне жолдауында Қазақстанда қайырымдылық жасау мәдениетін дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Ол әрбір азамат өзгенің өмірін жақсартуға өз үлесін қосуға қабілетті екенін, әрі халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауда ұжымдық күштің маңыздылығын айтты. "Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің" демекші, өткен жылы 80 749 азаматқа жалпы сомасы 39 миллиард теңгеден астам қайырымдылық көмек көрсетілді. Бұл көмектің негізгі бағыттары тұрғын үймен қамтамасыз ету, спорт алаңдарын салу және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту болды. Тағдыр тәлкегіне түскен жандардың басынан өтіп жатқан әртүрлі жағдайлар бар. Оларға көмек жасап жатқан жүрегі кең, жоққа бере алатын жомарт жандардың атқарып жатқан еңбегі зор әрине. Ағымдағы жылы қайырымдылық саласы бойынша құрметті атаққа 148 өтініш түскен. Оның ішінде 27-і - қайырымдылық ұйымдардан, 27-і - меценаттардан, 58-і - жеке қайырымды жандардан және 36-сы - еріктілерден. Нәтижесінде Қазақстанның әр өңірінің атынан шыққан меценаттардың ішінде 19 лауреатқа құрметті атақ берілді.