Синтетикалық есірткіні өндірістік ауқымда өндіру үшін елге прекурсорлар жеткізумен айналысқан трансұлттық топқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл топ көршілес мемлекеттердің азаматтарынан құралған, деп хабарлайды inbusiness.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
топ мүшелері Қазақстанда бірнеше есірткі зертханаларын ашып, "синтетика" жеткізушілер мен осы есірткі түрін жасырын қойып кетушілерді "жұмысқа" тартуды жоспарлаған.
Қазіргі уақытта Алматы қаласы прокуратурасының көмегімен ҚК-нің 264-бабы "Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету" негізінде соталды тергеу басталды. Бұл бап бойынша мүлкін тәркілеп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Халықаралық қылмыстық топты ұстау ішкі істер министрлігі мен Алматы полициясының жан-жақты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде мүмкін болды.
"Қылмыстық топқа қатысушы әрбір мүшенің рөлін және басқа адамдардың қатысын анықтау үшін "арнайы жүк" жіберіліп, бүкіл маршрут бойы бақыланды, оның ішінде әуе барлауы да қолданылды. Прекурсорлар мен жабдықтарды тасымалдауды, оның ішінде шекарадан өткізуді құрылыс материалдары мен тұрмыстық химия түріндегі тауарларды тасымалдайтын логистикалық компания жүзеге асырғаны анықталды", – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.
Арнайы операцияның әртүрлі кезеңінде полиция қызметкерлері прекурсорлар контрабандасына қатысы бар үш шетелдікті ұстаған. Операцияның соңғы кезеңінде Алматыда таяу шетелдің екі азаматы мен еліміздің тұрғыны ұсталды. Олардан мефедрон мен шет мемлекеттің құқық қорғау органдары қызметкерінің жалған куәлігі тәркіленген.
"Санкцияланған тінту барысында жалға алынған қоймаларда психоактивті заттарды синтездеуге арналған түрлі прекурсорлары бар 1160 бөшке, "синтетика" жасауға арналған арнайы зертханалық жабдықтың 7 жәшігі, 2 реактор және химиялық жабдықтың 5 жиынтығы табылып, тәркіленген.
Алынған прекурсорлардың жалпы көлемі шамамен 73 тонна болады (72,7). Осылайша, полиция 8 тонна синтетикалық есірткінің өндірілуіне жол бермеді. Бұл бір реттік 8 миллион доза", - делінген хабарламада.