Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Министрліктің мәліметінше, білім беру ұйымдарындағы тәрбиелік жұмыс Біртұтас білім беру бағдарламасы негізінде жүзеге асырылатын болады.
"Бағдарламаның мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде саналы азамат тәрбиелеу. Ұлттық мүдде, ар-ождан, ризашылық, қайырымдылық, ынта-жігер сынды құндылықтар білім беру ұйымдарының барлық тәрбиелік жұмысының мазмұнында көрініс табады. Білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесінің тұрақты басымдықтары – оқушылардың саулығын сақтау, оларға жеке тұлға ретінде құрмет пен сенім көрсету, құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету", - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Бұдан бөлек білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды тәрбиелеу оқу пәндерінің мазмұны, сынып сағаттары мен іс-шаралар, сыныптан тыс жұмыстар мен қосымша білім беру (үйірмелер, секциялар, факультативтер) арқылы жүзеге асырылатын болатыны да айтылды.