Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Бүгінде мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесе отырып, қала құрылысына қатысты бас жоспарлар, инженерлік желілер, ауыл шаруашылығы жерлерінің мәліметтерін өңдеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. Цифрланған деректерге қолжетімділік Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының Қоғамдық кадастрлық картасы арқылы ұйымдастырылады. Ол халық пен бизнеске жер, қала құрылысы, орман, су шаруашылығы және басқа да кадастрлардың әртүрлі жүйелеріндегі, сондай-ақ "бір терезе" қағидасы арқылы аймақтық географиялық ақпараттық жүйелердегі деректерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұл цифрлық нысанда жер телімдерін беру бойынша мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін оңтайландырады", – деді Бағдат Мусин.
Министрдің айтуынша, әкімдіктер инженерлік желілерді бақылау жұмыстарын тиісті деңгейде қаржыландырмайды.
Ресми деректерге сәйкес, биыл әкімдіктер инженерлік желілерді цифрландырудың жоспарланған көлемінің 45%-ын ғана қаржыландырған. Бұл жоспарланған 57,4 мың гектардың 32,9 мың гектары ғана. Осыған байланысты министрлік жергілікті атқарушы биліктен осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді сұрайды.
"Келесі – деректерді үздіксіз жаңарту. Заманауи бизнес-процесс ұзақ уақытты алады, оның ішінде тапсыру және сараптама бар. Бұл заманауи технологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Сондықтан ақпараттық жүйелердегі деректер тікелей интеграция арқылы үнемі жаңартылып отыруы керек", – деді Бағдат Мусин.
Оның айтуынша, қала құрылысы кадастрының деректері күн сайын жаңартылып, халыққа бірыңғай форматта ұсынылуы тиіс.
"Қазіргі 1942, 1963 жылдардағы және жергілікті координаттар жүйесі ескірген. Сонымен қатар, олар сандық деректерді жариялауда қиындықтар тудырады. Бүгінгі таңда ТМД-ның барлық елдері заманауи координаттар жүйесіне көшті. Осыған байланысты министрлік "Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы" жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында бірыңғай мемлекеттік координаталар жүйесі құрылып, ашық пайдалану үшін цифрлық картографиялық база құрылады", – деді Бағдат Мусин.