Қазақстанда блокчейн-технологиясы бойынша 40 мыңнан аса маман дайындалады

660

Еліміз Binance Academy-мен бірлесіп әзірленетін бастама шеңберінде блокчейн-технологиялар бойынша 40 мыңнан аса маман дайындамақ, деп хабарлайды inbusiness.kz министрлікке сілтеме жасап.  

Қазақстанда блокчейн-технологиясы бойынша 40 мыңнан аса маман дайындалады Фото: instagram/gylym.jogarybilim

Бүгін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин және "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы" АҚ басқарма төрағасы Бинұр Жаленов Binance Kazakhstan атынан Жасұлан Мәдиевпен академиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Министр Саясат Нұрбек блокчейн инженериясы бойынша білім беру материалдарын ұсыну туралы меморандумға қол қоюдың маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталды.

"Экономикамыз үшін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау мақсатында біз IT саласы өкілдерімен бірлесіп, осы бағытта білім беру жобаларын одан әрі дамыту үшін берік іргетас құрамыз. Біздің жемісті ынтымақтастығымыздың арқасында қазақстандық жоғары білім беру жүйесі ел экономикасының мұқтаждықтары үшін ғана емес, жаһандық еңбек нарығы үшін де блокчейн индустриясы саласындағы мамандарды даярлап шығаратынына сенімдімін", – деді Саясат Нұрбек.

Қазақстан жоғары оқу орындарында мемлекеттік ауқымда білім беру бағдарламасын енгізетін әлемдегі бірінші ел болады. Еліміздің 22 ЖОО пилоттық режимде 40 мыңнан аса студент дайындайды. Блокчейн-технологиялары саласында білім алып, дағдыланған жас мамандар блокчейн индустриясының жаһандық қауымдастығы үшін ірі ресурсқа айналады. Бүгінде бұл – блокчейн индустриясындағы теңдесі жоқ ең ірі жаһандық білім берудің бастамасы.

Кездесуге Binance Academy серіктестерімен жұмыс жөніндегі топ жетекшісі Стивен Маккалистер, Блокчейн орталығының директоры Айдана Қасқырбек, сондай-ақ білім беру бағдарламалары енгізілетін бейінді жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Binance және Binance Academy білім беру бөлімшесі бірлесіп, блокчейн-инженерия және комплаенс бойынша білім беру материалдарын Блокчейн орталығына береді, сондай-ақ оқытушыларды оқыту мен тренингті ұйымдастыруда жәрдемдесуді жоспарлап отыр.

ЖОО оқытушыларын оқыту және тренинг өткізу 2023 жылы ақпан айында басталып, мамырға дейін жалғасады. Студенттерді оқыту 2023 жылдың қыркүйегінен басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу