Ел тұрғынына ол қаржыны толық өтеу үшін 3700 жыл қажет екені анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2023 жылдың 1 қарашасында Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен "Oxygenator" ЖШС Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБК) 328-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 37 495 296 527,4 теңге көлемінде айыппұл салынған.
2023 жылғы 29 қарашада Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші инстанция сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Облыстық соттың түсіндіруінше, айыппұл мөлшерін белгілеу кезінде сот қоршаған ортаға келтірілген залал үшін белгіленген төлем мөлшерлемелерін негізге алған. Ол рұқсат етілген мөлшерден асқан ластаушы заттардың көлеміне байланысты есептеліп, құқықбұзушылық жасалған кездегі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріне сәйкес 37 495 296 527,4 теңгені құраған.
Атырау облыстық соты 2023-2024 жылдары облыс соттарында ӘҚБК-нің 328-бабы ("Қоршаған ортаға антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу") бойынша шетелдік компанияларға қатысты үш әкімшілік іс қаралғанын мәлімдеді. Десе де, ол жағдайларда салынған айыппұлдар едәуір төмен болған.
Атырау облыстық сотының хабарлауынша, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін тағы үш компанияға да әкімшілік айыппұл салынған.
Бірінші компанияға – 9 595 803 780 теңге,
Екінші компанияға – 12 417 822 179 теңге,
Үшінші компанияға – 2 825 242 481 теңге айыппұл тағайындалған.
Олардың арасындағы екі заңды тұлға айыппұлды өз еркімен төлеген. Үшінші компанияның ісі әлі де орындалу сатысында тұр.
Осыған дейін әлеуметтік желілерде қазақстандық азаматқа 37 миллиард теңге айыппұл салынғаны туралы бейнежазба тараған еді. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Олай болатыны да түсінікті.
Атыраулық 42 жастағы Мұрат Ниязов – мұнай қалдықтарын өңдеумен айналысатын шағын кәсіпорынның иесі. Сот анықтағандай, оның "Oxygenator" ЖШС экологиялық рұқсатсыз қауіпті мұнай қалдықтарын жинаумен айналысқан. Осыған байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 328-бабы бойынша кәсіпорынға 37,4 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынып отыр.
Бұған дейін кәсіпкер жылына ең көбі 10 миллион теңге ғана төлей алатынын мәлімдеген еді. Дәл осы есеппен алғанда, айыппұлды толық төлеу үшін шамамен 3700 жыл қажеттігі белгілі болады.