Қазақстанда "цифрлық полицей" жобасы жеделдетіледі

115

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстанда "цифрлық полицей" жобасы жеделдетіледі Фото: Үкімет

Премьер-министр жекелеген өңірлерде полицияны жабдықтандыру бойынша шаралар орындалмай отырғанына назар аудартты. Әкімдіктерге Тұжырымдама жоспарының орындалуына жан-жақты талдау жүргізіп, биыл оларды жүзеге асыру тапсырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құқықтық оқу-ағарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндады. Ақпараттық жұмыстар заңнама нормаларын түсіндіру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, алаяқтық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сияқты бағыттар бойынша жүргізілуде.

Олжас Бектенов құқықтық оқу-ағарту мәселесінде оң динамика бар екенін атап өтіп, Мәдениет және ақпарат министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, оны одан әрі дамытуды, соның ішінде мақсатты топтармен атаулы жұмыс арқылы және халықпен өзара іс-қимылдың өзекті құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асыруды тапсырды.

Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев азаматтардың дербес деректерін қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстанда киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мақсатында ақпараттық қауіпсіздік саласындағы айыппұлдар көлемі 100-ден 1000 АЕК-ке дейін және дербес деректерді қорғау саласында 1000-нан 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылған. Қолжетімділігі шектеулі дербес деректермен жұмыс істейтін операторлары үшін биометриялық аутентификация енгізілген. Одан бөлек, рұқсат етілмеген трафикті (фродты) өткізуге жол бермеу, байланыс операторларында антифрод-орталықтардың міндетті түрде болуы және Ұлттық банктің антифрод-орталығымен интеграциялануы бойынша талаптар енгізілді. Сондай-ақ SIM-карталарды әкелу мен тіркеуді реттеу және басқа да бірқатар шаралар енгізілді.

"Киберқылмыскерлер жиі ретте заманауи цифрлық технологияларды жеделірек пайдаланып кетіп жатады. Сондықтан, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша анағұрлым тиімді шаралар қажет. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, алаяқтық транзакцияларды бұғаттау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен банктер арасында деректер алмасу, жалған call-орталықтарды анықтау тетіктері бойынша қосымша ұсыныстар енгізуді тапсырамын. "Цифрлық полицей" жобасын енгізуді жеделдетіп, киберволонтерлік практиканы және кадрлар даярлауды кеңейту қажет", – деп атап өтті Премьер-министр.

Сондай-ақ "Еуропа Кеңесінің Компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясын ратификациялау туралы" заң жобасын келісу жұмысын қысқа мерзімде аяқтау тапсырылды.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың бұрын сотталған адамдарды қайта әлеуметтендіру бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары қаралды. Премьер-министр алдағы рақымшылыққа байланысты осы бағытта бірқатар тапсырма берді.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында профилактикалық және ведомствоаралық жұмысты күшейту қажет. Денсаулық сақтау министрлігіне зорлық-зомбылыққа бейім адамдарды психологиялық түзеу ауқымын кеңейту, сондай-ақ дағдарыс орталықтары қызметтерінің қолжетімділігін арттыру тапсырылды. Әкімдіктерге осы мәселені өңірлік комиссиялардың отырыстарында қарау арқылы барлық уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын күшейту жүктелді.

Премьер-министр әкімдіктердің жұмысының басым бағыттарының бірі – полиция органдары үшін, оның ішінде МЖӘ тетіктерін пайдалану арқылы нысандар салу болуға тиіс екенін атап өтті. Жергілікті атқарушы органдардың міндеті – елді мекендердің аумақтарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Мәселені қарау қорытындысында Олжас Бектенов Ішкі істер министрлігіне Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы іс-шараларының сапалы орындалуын үйлестіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу