Отырыста QR-төлемдер, телефон нөмірі арқылы аударымдар, электрондық ақша және цифрлық теңге сияқты қолма-қол ақшасыз төлем түрлерін дамыту мәселесі қаралды. Қаржы реттеушілері төлем карточкаларына қолданылатын ҚҚС-тан босату тетігін басқа да қолма-қол ақшасыз төлем қызметтеріне кеңейтуді ұсынып отыр.
Серік Жұманғарин заманауи төлем құралдарының дамуын оң бағалап, ұсынылып отырған өзгерістердің экономикалық тиімділігін нақты негіздеу қажет екенін айтты.
Қаржы министрлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Ұлттық банк мәселені қосымша пысықтап, заңнамалық нормаларды нақтылап, тиісті есептерді дайындайтын болды.
Сонымен қатар жиында Салық кодексіндегі ПҚӨС-тің нөлдік мөлшерлемесін қолдануға байланысты заңға тәуелді актілерді жаңарту мәселесі талқыланды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне рентабельділігі төмен қатты пайдалы қазбалар кен орындарының талаптарын нақтылау тапсырылды.