Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет Басшысының тапсырмасы аясында экономика салаларына жасанды интеллектті енгізу бойынша жұмыстар қарқынды түрде жалғасып жатыр. Экономика салаларына жасанды интеллектіні енгізудің екі негізгі мақсатын атап өту қажет. Біріншісі – экономикалық өсім. Жасанды интеллект өнімділікті арттырудың негізгі драйверіне айналуы тиіс. Бұл жеке процестерді автоматтандыру туралы ғана емес. Жасанды интеллект жаңа өнімдерді, жаңа нарықтарды және экспорт үшін жаңа мүмкіндіктер ашуы қажет", – деді Жаслан Мәдиев.
Екіншісі – бизнесті қолдау. Министрдің айтуынша, жасанды интеллект есебінен бизнестің мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдету, өтініш беру форматынан проактивті қызметтерге көшу және бизнес шығындарын қысқарту қамтамасыз етіледі.
"Мемлекеттік органдармен бірлесіп Цифрлық трансформация карталары енгізілуде. Бүгінгі таңда 72 сала мен қызмет бағытын қамтитын 20 карта бекітілді. Атап айтқанда, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да бағыттар. Әр карта негізгі цифрлық сын-қатерлерді, AI-шешімдерді енгізу жоспарын, 2027 жылға дейінгі KPI және күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсерлерді қамтиды. Процестерді жобалауда жасанды интеллектіні басым қолдануды көздейтін AI-First қағидатына сәйкес бірыңғай архитектуралық тәсіл қолданылды", – деп атап өтті ведомство басшысы.
Жаслан Мәдиев барлық орталық мемлекеттік органдардың бекітілген карталарды орындауы міндетті екенін атап өтті.