Қазақстанда емханалардың жұмыс тәртібі кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, пациенттердің күту уақытын қысқартуға бағытталған.
Қазір азаматтар дәрігер қабылдауына 60 күнге дейін алдын ала жазыла алады. Бұған дейін қабылдау кестелері негізінен екі аптаға ашылатын.
Нәтижесінде жалпы практика дәрігерлеріне өз бетінше жазылу үлесі 20%-дан 72,5%-ға, ал бейінді мамандарға жазылу көрсеткіші 4%-дан 66,1%-ға дейін өскен.
Сонымен қатар учаскелік дәрігерлердің пациент қабылдауға арналған жұмыс уақыты күніне 4 сағаттан 6 сағатқа дейін ұзартылды. Осыған байланысты қабылдауды күту мерзімі орта есеппен 5–7 күннен 1–3 күнге дейін қысқарған.
Соңғы екі жылда денсаулығы кенеттен нашарлаған, бірақ өміріне тікелей қауіп төнбеген пациенттерге арналған 680 шұғыл медициналық көмек кабинеті ашылды. Сондай-ақ шұғыл көмек көрсету үшін 995 мобильді бригада құрылды.
Емханаларда мейіргерлердің өз бетінше қабылдауын дамыту да жалғасып жатыр. Олар өз өкілеттігі шегінде бірқатар медициналық рәсімдерді орындап, құжаттарды ресімдейді және созылмалы ауруы бар пациенттерді бақылауға қатысады.
Министрліктің мәліметінше, халықты медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметтерімен қамту деңгейі 60%-дан 80%-ға дейін артқан.
Медициналық құжаттарды цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Рецепттер мен уақытша еңбекке жарамсыздық парақтары электрондық форматқа көшіріліп, медициналық анықтамалардың 13 түрі цифрландырылды.
Жоспарлы емдеуге жатқызу алдында жүргізілетін кейбір зерттеулердің жарамдылық мерзімі де ұзартылды. Жекелеген тексерулердің мерзімі 10 күннен 12 күнге дейін, ал кейбірінің мерзімі бір айдан үш айға дейін ұлғайтылды.
Министрлік бұл өзгерістер алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, емханалардағы күту уақытын азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.