Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту бағытында маңызды цифрлық жоба – "е-Ымдау" ым-ишараттық тілінің бейне сөздігі ресми түрде қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігі қолдауымен, сондай-ақ Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуімен жүзеге асырылды.
Жаңа цифрлық ресурс есту қабілеті бұзылған балалар мен ересектердің білім алуына, қарым-қатынас жасауына және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
"е-Ымдау" бейне сөздігі сөздер мен ұғымдарды ым-ишараттар арқылы көрнекі түрде ұсынатын интерактивті деректер базасына негізделген. Іздеу жүйесі арқылы пайдаланушылар қажетті сөзді жылдам тауып, оның дұрыс ым-ишараттық нұсқасымен таныса алады.
Бейне сөздік қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Оны App Store арқылы жүктеп алуға немесе орталықтың ресми сайты арқылы онлайн пайдалануға болады.
Жоба 21 лексикалық тақырыпты қамтиды.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама инклюзивті білім беру сапасын арттырып, ерекше білім беру қажеттілігі бар азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.