Ауыл шаруашылығы министрлігі заманауи технологияларды кеңінен енгізуге, жер құнарын тиімді пайдалануға және климаттың өзгеруіне бейімделген аграрлық өндірісті дамытуға басымдық беріп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы бағытта Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген 2024 – 2028 жылдарға арналған жол картасында негізгі міндеттер айқындалған.
Ең алдымен, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандырып, табыстылығы жоғары дақылдардың үлесін көбейту қажет. Бұл ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға, шаруашылықтардың табысын арттыруға және өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сапалы тұқым қорын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл элиталық тұқымдардың үлесі 12%-ға жетіп, жоспарланған 11,6%-дық көрсеткіштен асты. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан әрі арттыру көзделіп отыр. Өйткені сапалы тұқым – мол өнім алудың және дақылдардың әртүрлі табиғи жағдайларға төзімділігін арттырудың маңызды факторы.
"Егін өнімділігін арттыруда минералдық тыңайтқыштарды жеткілікті мөлшерде қолданудың да маңызы зор. Биыл диқандар 2,2 млн тонна минералдық тыңайтқыш енгізді. Бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 66%-ын құрайды. Алдағы уақытта тыңайтқыштарды қолдану көлемін ұлғайту арқылы топырақ құнарын сақтап, егіс алқаптарының өнімділік әлеуетін арттыру жоспарланып отыр", – делінген хабарламада.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту да басты назарда. Биыл машина-трактор паркін жаңарту деңгейі 7%-ды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8%-ға жеткізу межеленген.
Бұған қоса, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жұмыстары жалғасады. Әсіресе климаттың өзгеруі мен су тапшылығы қаупі күшейген жағдайда мұндай технологияларды қолданудың маңызы арта түседі.
Аталған шаралардың барлығы егіншілік саласын жаңа деңгейге көтеріп, заманауи әрі тиімді өндіріс жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Әр гектардан алынатын өнім көлемін арттыру, өндіріс шығындарын азайту және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін күшейту аграрлық саланы дамытудың басым бағыттары болып қала береді.