Қазақстанда экологиялық білім беру жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылатын болды

836

 Кеңесте экологиялық білім берудің өзекті мәселелері талқыланады.

Қазақстанда экологиялық білім беру жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылатын болды

Қазақстандық мектептерде жаңа экологиялық білім беру пәнін енгізу үшін жауапты мемлекеттік органдар үйлестіру кеңесін құрады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Экология министрлігінің бастамасымен "Балаларға экологиялық білім беру" тақырыбына арналған онлайн конференцияға Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері, педагогтар және ата-аналар қатысып өз ұсыныстарын айтты.

"Көптеген жақсы ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Нәтижесінде біз экологиялық білім беру жөніндегі үйлестіру кеңесін құруға келістік. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері кіреді. Кеңесте экологиялық білім берудің өзекті мәселелері талқыланады", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, жақында ғана Мемлекет басшысының экологиялық мәселелерді шешуге қатысты берген тапсырмасы қоғам тарапынан қызу талқыға түсуде. Сарапшылар, ғалымдар, саясаткерлер, ел азаматтары мен оқушылар бұл мәселеге қатысты өз ойларымен бөлісуде.

Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, экологиялық білім беру дегеніміз мектеп бағдарламасына бір ғана пән енгізумен шектелу емес. Бұл күрделі әрі кешенді жұмысты талап етеді.

"Қоғам өкілдері, сарапшылар, ғалымдар ұсынған мәселелер жаңа бастаманы жүзеге асыруға септігін тигізеді деп ойлаймын. Экологияға дұрыс көзқарас қалыптастырған ұлтты тәрбиелеу – ортақ міндет. Бұл орайда әр отбасындағы ата-ана тәрбиесінің маңызы зор", – деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу