"Жастардың экологиялық сауаттылық деңгейін арттыру – бүгінгі күннің өткір тақырыптарының бірі. Бұл бағытта министрлік тарапынан жүйелі жұмыстар легі атқарылып келеді. Биылғы 25 сәуір мен 25 мамыр аралығында ел бойынша 80 мыңнан астам жастар өкілін қамтыған "Киелі Табиғат" республикалық экологиялық жобасы іске асты. Бұл бағытта, негізінен ақпараттық-ағарту жұмысына баса назар аударылады. Алдағы уақытта Экологиялық жастар театры мен арнайы Ютюб-арна ашу жоспарда бар", - деп атап өтті Аида Балаева.
Министр сонымен қатар жастар саясатын жүзеге асыру барысында шет мемлекеттермен өзара тәжірибе алмасу да үнемі назарда тұрғанын айтады. Бұл ретте биыл халықаралық деңгейде "Түркістан – түркі әлемінің бесігі" Түркітілдес елдердің Жастар Саммитін, Азиядағы "Өзара қарым-қатынас пен сенім шаралары жөніндегі Кеңес" елдерінің Жастар форумын өткізу жоспарда бар.
Аян Бекенұлы